Международный
педагогический портал
Международный педагогический портал (лицензия на осуществление образовательной деятельности №9757-л, свидетельство о регистрации СМИ №ЭЛ ФС 77-65391)
8 (800) 350-54-64
звонок бесплатный
org.komitet@solncesvet.ru
Скидка 42% действует до 27.11
8 (800) 350-54-64
звонок бесплатный
org.komitet@solncesvet.ru
Vk Whatsapp Youtube
Лицензированный образовательный портал (лицензия №9757-л, СМИ №ЭЛ ФС 77-65391)
8 (800) 350-54-64
Название статьи:

Ақтөбе өңіріндегі ХХ ғасырдың 20 жылдарындағы ашаршылық | Сағитжан Махаббат Қайратқызы. Работа №297827

Дата публикации:
Автор:
Описание:

Автор: Сағитжан Махаббат Қайратқызы
Мақалада 1921-1922 және 1925 жылдардағы Ақтөбе губерниясындағы ашаршылық, оның себептері мен салдары, ашаршылықпен күрес мәселелері қарастырылады. Архив құжаттары мен тарихшы-демографтардың зерттеу еңбектеріне сүйеніп отырып, аштыққа ұшырағандар, көмекке мұқтаж жандар мен қаза тапқандар санын салыстырмалы түрде көрсетіп, халықтың әлеуметтік жағдайын сипаттайды.

Түйін сөздер: ашаршылық, демография, қуаңшылық, жұт, жаңа экономикалық саясат, статистика, губерния, ауылшаруашылығы, эпидемия, босқындар.

«Ақтөбе өңіріндегі ХХ ғасырдың 20 жылдарындағы ашаршылық пен оның кейбір мәселелері»

Сағитжан М.Қ. – тарих ғылымының магистрі

Әл-Фараби атындағы №21 мамандандырылған гимназия

 

Аннотация. Мақалада 1921-1922 және 1925 жылдардағы Ақтөбе губерниясындағы ашаршылық, оның себептері мен салдары, ашаршылықпен күрес мәселелері қарастырылады. Архив құжаттары мен тарихшы-демографтардың зерттеу еңбектеріне сүйеніп отырып, аштыққа ұшырағандар, көмекке мұқтаж жандар мен қаза тапқандар санын салыстырмалы түрде көрсетіп, халықтың әлеуметтік жағдайын сипаттайды.

Түйін сөздер: ашаршылық, демография, қуаңшылық, жұт, жаңа экономикалық саясат, статистика, губерния, ауылшаруашылығы, эпидемия, босқындар.

 

Елімізде 1921 жылғы Х съезде қабылданған жаңа экономикалық саясатқа өту кезеңі өте ауыр болды, партияның шешімдерін іс жүзінде іске асыру күрделі жағдайда өтіп жатты. Осы жылдары Қазақстанның бүкіл аймағының көпшілік бөлігін қуаңшылық жайлап, егістік, жайылым жерлер қысқарып, мал басы күрт кеміді. Бұл жағдайлар елді жоқшылыққа, ашаршылыққа, жұттың басталуына әкелді. Оның салдарынан эпидемиялық аурулар тарап, ел басына ауыр күн туды.

ХХ ғасырдың 20-жылдарындағы ашаршылық және оның себептері мен салдары туралы негізгі дереккөздер архив құжаттары, оның ішінде өз уақытында баспасөз беттерінде жарық көрген мақалалар, аталмыш мәселемен жергілікті жерлерден материалдар жинақтаумен айналысатын мемлекеттік қызметшілердің жазбалары, кеңестік кезеңде жүргізілген статистикалық материалдар, сондай-ақ осы тақырыпты зерттеген тарихшы-демограф ғалымдардың еңбектері болып табылады.

Ашаршылық салдарынан бүкіл Қазақстаның Ақтөбе, Орал, Орынбор, Бөкей, Қостанай губерниялары мен Адай уезін қамтыды. Ашыққан жұрт шет аймаққа қарай босты, халықтың үштен бір бөлігі қырғынға ұшырады [1].

Қазақстандағы ашаршылықты бастапқы зерттеушілердің бірі Н.И.Мардаровский болды. Автордың айтуынша аштықтың себептері патшаның отарлық саясаты, халықтың сауатсыздығы, бірінші дүниежүзілік соғыс және азамат соғысы болды. Сонымен бірге аштықтың көлемін, оның салдарымен күресу жолдарын және болашақтағы осындай оқиғалардың алдын-алу шараларын да көрсетті. 1921-1922 жылдың қыс айларында орталықпен байланыстың қиындауына байланысты ашыққандар саны ұлғая түскенін жазады. Н.И.Мардаровский дерегі бойынша, 1922 жылы 1 қаңтарда жалпы Батыс Қазақстан жерінде барлығы 2 052 070 адам аштыққа ұшырады. Бұл 2 645 400 адамдық жалпы санның 77,6%-ын құраған еді. Оның ішінде бір ғана Ақтөбе губерниясында ашыққандардың саны 331 050 адамды құрады. Автордың мәліметтерінен тек қана Ақтөбе губерниясын алатын болсақ, 1922 жылы ақпан-наурыз айларында аштыққа ұшырағандар саны 252 514 адам болса, сәуір-мамыр айларында ашыққандар саны ұлғайып, олардың саны 354 350 адамға жетті [2].

1921-1922 жылдардағы ашаршылықтың салдары, ашаршылықтан кейінгі ахуал туралы Н.Личкус былай жазды: «Жекелеген губерниялар бойынша ашыққандар саны барлық тұрғынға шаққанда Ақтөбе губерниясында жоғары – 86,5%-ті көрсеткенін көреміз. Архив мәліметтері бойынша 1922 1 қаңтардағы ашыққандар саны Ақтөбеде 437 776 адам болды. Алайда 1922 жылы 19-27 ақпанда өткен қазақ облыстарының ІІ партконференциясында жасаған Қазақ ОАК төрағасы С.Меңдешевтің баяндамасында 1922 жылы 1 қаңтарда аштыққа ұшырағандардың саны Ақтөбеде ересектер – 171 389, балалар – 134 000. Алайда баяндамада ашыққандар санының дәл еместігі айтылады» [3; 19 б]. Сондай-ақ бұл деректе автор ашыққандар санын республика көлемінде жазады. Егерде, 1922 жылғы 1 қаңтардағы ашыққандар санын жазған, жоғарыда көрсетілген, Н.Мардаровский мен Н.Личкустың деректерін салыстырып қарасақ, екі зерттеушіде де Ақтөбе губерниясындағы аштыққа ұшыраған адамдар саны әр түрлі. Демек, пайдаланған дереккөздерінде мәлімет нақты, дәл көрсетілмеген. Дегенменде, бұл ақпараттардан өңіріміздегі ашаршылық пен оның салдары кең көлемде болғанын біле аламыз.

1920 жылдың күзінде губернияның статистикалық бюросының ауылшаруашылығы санағының толық емес қорытындысы бойынша Ақтөбе губерниясында 46 849 шаруашылық болып, ондағы 237446 адамның 120 655-ін  ерлер, 116 791-ін әйелдер  құрады [4]. Алайда 1920 жылы басталған жұт мал басының кемуіне, қазақ шаруашылығының күйреуіне алып келді.  Ал қуаңшылықтың әсерінен, шегірткенің жеп қоюынан бірнеше мың десятина жерлер жарамсыз болып қалды.

Губерния комиссиясының орталыққа жіберген бір баяндамасында «Ақтөбе губерниясы астық пен шөптің шықпауынан 2 жыл қатарынан зардап шегіп келеді. 1920 жылдары Темір, Ойыл аудандарында, жалпы Ақтөбе губерниясының оңтүстік аудандарында жәндіктердің зиянынан астық пен шөп түгелдей жойылды. Сондықтан малдар жаппай шығынға ұшырап, тұрғылықты халық нан өнімдерін мемлекет тарапынан көмек ретінде алып отырды. 1921 жылы тағы да егін егілді, бірақ ол да нәтиже бермеді, сол жылдың шілде айында елде тіпті нан өнімдері қалмағандықтан, болашақта қуаңшылықтың салдарынан ашаршылықтың болатынын білген жергілікті тұрғындардың кейбірі көшуге мәжбүр болды. Қазақтар (құжатта қырғыздар деп көрсетілген) Өзбекстанға (сол кездегі Хорезм республикасына), Түркістанға, орыстар Украинаға қоныс аударды. Губернияның 23% тұрғыны көшіп кетсе, бір ғана Қарабұтақ ауданының 75% халқы көшіп кеткен. 1921 жылы Ақтөбе губерниясында ашаршылыққа душар болған, көмекке мұқтаж адамдардың нақты санын білу қиын болғанымен, губкомиссияның есептік мәліметі бойынша Ақтөбе губерниясының адам саны 15-27 қазан айы аралығында 116 679-ға жеткен. Олардың ішінде 26661 ересек адам, 89991 бала ашыққан. Оның 22077-сі қазақ ұлтынан, 94602 адам орыс ұлтынан. Олардың барлығы көмекке зәру жандар» делінген.

Республика бойынша қанша адамның ашықандығын анықтау мақсатында Қазақ Орталық Статистикалық Басқармасы халық арасында сауалнама жүргізіп, губерниялардың барлық уездеріне қарасты болыстарда халықтың жалпы саны мен шаруашылығындағы өзгерістерді анықтады. Сауалнама бойынша Ақтөбе губерниясының қалаларында 244 866, ал уездерде 477 606 адам мекендегені айқындалды. Ашаршылыққа ұшыраған бес уездің ішінде 222 405 адамы бар Шалқар мен Ырғыз қатты зардап шеккені нақтыланды. Мысалы, Ырғыз уезінің Аманкөл болысындағы сауалнама нәтижесінде 10 ауылшаруашылығындағы 6454 адамның 169-ы тамақ іздеп босып кетсе, 448-і аштан өлген. Кенжеғара болысындағы 9 ауыл шаруашылығындағы 4610 адамның 620-ы босып, 87-і аштан өлген [5].

Губерния бойынша балалар үйінен тыс дала мен қала кезіп жүрген 24000 қаңғыбас балалар анықталған. Сонымен қатар шетелдік ұйымдар 584 656  баланы, 600 270 ересектерді, 24 400 босқындар мен ауруханадағы 6000 адамды құрғақ тамақпен қамтамасыз еткендігі де белгілі болды [6].

1921 жылдың 1 тамызынан бастап Орынбор, Ақтөбе, Бөкей, Қостанай губерниялары ресми түрде аштыққа ұшыраған аудандардың қатарына жатқызылды. Ақтөбе губерниясынан Ақтөбе, Темір, Ырғыз, Ақбұлақ, Можар, Шалқар, Ойыл, Қарабұтақ уездері аштыққа ұрынды [7]. Ал осы жылы 20 қазанынан бастап Ақтөбе губерниялық атқару комитеті ашыққандарға көмек апталығын жариялады [8].

Мәліметтер бойынша 1 қарашаға дейін губернияда 12 жасқа дейінгі 125 322 бала мен 44 733 оқушылардың 87 725-і тамаққа зәру болса, 350 682 ересек жұмыскерлер мен жұмысқа жарамсыз 50 019 қариялардың 286 490-ы ашыққан. Жалпы губернияда ашыққан 374 215 адамның 178 226-ын ерлер, 195 989-ын әйелдер құраған. Ұлттық құрамын қарастырсақ, 280 946 қазақтар, 93269 орыс, украиндар ашыққан [9]. Ал 12 қарашада БОАК-нің Аштарға көмек Орталық комиссиясына Ақтөбе губерниялық комитетінің төрағасы М.Ряховтан түскен ақпаратта да губернияның 536 445 адамның 374 215-і ашығып (олардың 87 725-і балалар, 286 490-ы ересектер), көпшілігі өсімдік тамырлары, аққу етін азық қылғандығы айтылды. Оның көрсетуінше, аштыққа әсіресе қолдарындағы күнкөріс болып отырған малдарынан айырылған қазақтар ұшыраған 10.

Ашаршылық салдарынан елде эпидемиялық аурулар шарпыды. Әсіресе жаз айында сүзек, тырысқақ, оба, іш ауруы сияқты жұқпалы аурулармен ауырғандардың қатары көбейіп, өлгендердің саны арта түсті. 1921 жылдың шілдесі мен желтоқсаны аралығында Ақтөбе губерниясы  бойынша түрлі аурулармен ауырғандардың қатары 31 222 адамға жеткен. Мәселен, оның ішінде шешекпен (қорасан) –170, қызамықпен – 157, күл ауруымен (дифтерия) – 106 адам ауырған. Уездер мен уездік қалаларға бөлсек, жұпалы аурулармен Ақтөбе қаласында – 6436, Ақтөбе уезінде – 7745, Ақбұлақ уезінде –  4623, Темір уезінде  –2870, Ырғызда – 1990, Шалқарда – 1960, Ойылда – 2710, барлығы губерния бойынша –  28138 адам ауырған [11]. Жергілікті тұрғындардың ішінде өлім мен науқастанудың басты мәселесі ашаршылық болды. Ақтөбе губерниясы бойынша 1922 жылы халықтың 50 пайызы өлімге, 28 пайызы ауруға ұшыраған.

Аштықпен күресу мақсатында аштарға көмек көрсету комиссиясы, азық-түлікпен тамақтандыру пункттері мен асханалар ашылып, Денсаулық сақтау халық комиссариаты, Американдық балаларға көмек көрсету администрациясы (АРА) жан-жақтан көмектесті. Аштықты ауыздықтауда 1921 жылдың қыркүйегінен бастап губерниялық ашком жергілікті тұрғындардан қаражат іздестіру негізінде саудагерлерге салық салу және сахналық қойылымнан түскен пайданың 20 %-ін алу, халықтан жылу жинау, сонымен бірге етке салықты жою қолға алды. Аштықтың әртүрлі себептерінен ата-анасыз қалған балалар саны өсті. Оларға арнайы губкомиссия балалар үйі мен асханаларды ашуды ұйғарды. Сонымен қатар балаларды егінді өлкелерге көшіру мәселесі қаралды. 1921 жылдың қараша айынан бастап АРА-ның көмегі сұралып, қызметін Ақтөбе губерниясына ұсынды. 1921 жылдың 26 желтоқсанынан бастап Америкалық ұйым балаларды құрғақ азықпен тамақтандырды [12].

Республикада жалпы ашаршылық 1919/1921-1922, 1925 және 1931-1933 жылдары болды. Алайда 1925 жылғы аштық туралы деректер өте аз. Осы жылғы ашаршылық туралы мәліметтерді архив құжаттарында сақталған ОГПУ (БМСБ) Ақтөбе губерниясы бөлімінен Ақтөбе губисполкомына, РКП (б) губкомитетіне «құпия және жылдам» жіберілген хаттарынан таба аламыз. Құпия түрде хат жазғандардың қатарында бөлім бастығы Альшинский, орынбасары Портянов, Муляков, аштықпен күресу комиссиясының төрағасы Лекеров бар. Олардың деректері бойынша, 1925 жылы қаңтарда Мәртөк болысы, Рыбаков ауылында 22 отбасы аштыққа ұшырап, салдарынан екі адам (60 жастағы ер адам мен 14 жастағы қыз бала) қаза тапса, наурыз айында 120 отбасы ашығып, оның ішінде 15 отбасы әлсіздікпен ауырды. Қаратоғай ауылында 18 адам аштықтан ауырып, ісініп кетті. Бұл мәселеге тиісті органдар салғырт қарап, жұмыстарын атқармады. Тек хат жазып, көмек сұрағаннан кейін ғана аштықпен күресу шаралары жүргізіле бастады. Аштыққа көмек ретінде Мәртөк болысы 5 қаңтардан 7 сәуірге дейін 750 рубль көлемінде қаржы жіберілді. Партия мүшелері де аштыққа ұшырап жатты. Рыков болысы, Хлебодар ауылында 1924 жылы 25 желтоқсанда РКП (б) мүшесі Новейко Константин аштықтан қаза болды [13].

1925 жылы Ақтөбе губерниясында аштыққа ұшырағандар мен көмекке мұқтаж жандардың саны төмендегі кестедей:

 

Уезд атауы

Аштыққа ұшырғандар

 

 

Барлық саны

Мұқтаж жандар саны

1

Ақтөбе уезі

98 209

55 308

2

Шалқар уезі

64 824

25 921

3

Темір уезі

33 659

11 983

4

Торғай уезі

10 813

7 605

Барлығы

207 505

100 817

 

Ауылшаруашылық несие беру қоғамының Ақтөбе бөлімі ЦСХБ (ауылшаруашылық орталық банк) қорынан 1924 жылдың қазан айы мен 1925 жылдың маусым айы аралығында губенияға ашаршылық салдарына көмек ретінде ұзақ және қысқа мерзімге жеңілдікпен 101 748 рубль 12 тиын сомасында несие берді [14].

1925 жылы 18 ақпанда «16 ақпаннан бастап ашыққандарға жәрдемдесу үшін қалалық комиссия жиналысында» аштыққа ұшыраған адамдардың тізімі аудан бойынша жазылды. Ашыққан халыққа арналған ашық асхананы табыстың қымбатқа түсуінен, сонымен қатар ашықпаған адамдардың келуіне байланысты жабылып, оның орнына жәрдемақы төленетін болды. Балаларға айына 2 рубль, ересектерге 1 рубль, баласы жоқ қарттарға және мүгедектерге 3 рубль, зейнеткерлерге айырмашылықты ғана төлесе, еңбекке жарамдылар қоғамдық жұмысқа қатысқаны үшін аванстық төлем ретінде алып отырды.

1925 жылы 31 қаңтарда губерния жанында аштықпен күресу төтенше комиссиясының жұмыс жоспары бойынша бірқатар жұмыстарды жүзеге асыру көзделді. Барлық уездер мен болыстарда халықты мұқтаждық дәрежесіне қарай тексеріс жүргізілді. 5 ақпаннан бастап қайырымдылық үшін барлық кеңестік партиялар мен кәсіби ұйымдардан қаржы жинау, лотарея ойнату, спектакль, концерт және таға басқа қолдан келетін шараларды ұйымдастыру, сондай-ақ әр билет құнын 5 тиынға өсіру міндеті жүктелді. Қызметкерлерден кәсіподақ арқылы аштыққа көмек ретінде айлықтарынан ұстап отырды. Мануфактура құнын жарты пайызға көтерді. Қалада аштыққан халыққа 500 адамдық ашық асхана ашты, бірақ кейіннен 300 адамға қысқарып және де тек қана қала халқы тамақтана алатын болды. Жұмыстың жүруін қадағалау үшін комиссия арнайы құрды. Сәуір айында ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі губерния комитеті Ақтөбе мен Темір уездерінің болыстарына аштыққа ұшынғандарға көмек ретінде 10 000 рубль, егін шықпауымен күреске 200 000 рубль, оның ішінде мелиорацияға 140 000 рубль, зиян келтіргіштерге 30 000 рубль, егістің шықпағанынан зардап шеккендерге 30 000 рубль берді [15]. Бірақ қанша ақшалай көмек көрсеткенімен, халықтың жағдайы жақсармай, өлім-бітім, ауруға шалдыққандар мен аштардың саны күннен-күнге көбейе берді.

Ашаршылық жылдары – ел тарихындағы ең қасіретті оқиғалардың бірі. Патша үкіметінің жүргізген саясатының нәтижесі мен ауыл шаруашылығының шығынға ұшырауынан болған ХХ ғасырдың 20-жылдарындағы ашаршылық өңірімізге ғана емес, еліміздің барлық аймақтарына үлкен зардабын тигізді. Халық саны кеміп, қазақтардың үлесі азайды, керісінше босқындар саны мен балалар үйі көбейді. Аштықпен күресу үшін қанша шара ұйымдастырылса да, халықтың жағдайы оңала қоймады. Тек индустрияландыру жылдарында ғана енді есін жиып келе жатқан халыққа күштеп ұжымдастыру саясатын жүргізіп, ақыр соңы 1931-1933 жылдардағы ашаршылыққа апарып соқты. Одан кейінгі репрессияны айтпаған өзінде, біздің халық кеңес үкіметі саясатының құрбаны болды.

 

 

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

Асылбек Ғ. Қазақ Республикасындағы аштықтың ауданы

//

Қызыл Қазақстан.

-

1922. –

№ 4

Мардаровский Н.И. Голод в Киргизи и борьба с недородами. - Оренбург: Типо-литография, 1922.-

29 б.

Жұмағұлова А.О. Батыс Қазақстан тарихи демографиясының тарихнамасы (ХХ ғ. 20-90 жылдары).

-Ақтөбе, 2017.- 106 б.

Ақтөбе облысы мемлекеттік архиві (АОМА.),

3

-қор

, 1-т

ізбе,

7-іс. 5-п.

АОМА, 3-қор, 1-тізбе, 603-іс, 12-п.

АОМА, 3-қор, 1-тізбе, 603-іс, 177-п.

Смағұлова О.С. Ақтөбе губерниясындағы ашаршылық (1921-1922 жж.).-

Отан тарихы. - 2014. - №1.

-

161-170

бб

.

АОМА, 3-қор, 1-тізбе, 1-іс, 2-п.

АОМА,

69

қор

9-т

ізбе

,

109-іс. 19-п

.

АОМА, 3-қор, 1-тізбе,

60

2-іс, 11-п.

АОМА, 3-қор, 1-тізбе,

600

-іс.

61

-п.

АОМА, 3-қор, 1-тізбе, 612-іс, 4-п.

АОМА, 516

-

қор,

1

-тізбе, 844

-

іс

,

3-7-п.

АОМА, 155

-

қор, 1-тізбе, 13

-

іс.

АОМА, 516

-

қор,

1

-тізбе, 844

-

іс, 6

-п

.

 

 

«Голод в 20-годах ХХ веке в Актюбинской регионе и некоторые его проблемы»

Резюме

В статье рассматриваются проблемы голода в Актюбинской области в 1921–1922 и 1925 годах, его причины и последствия, а также борьба с голодом. Основывается на архивных документах и исследованиях историков-демографов, сопоставлении числа голодающих, нуждающихся и пострадавших, а также социального положения населения.

Ключевые слова: голод, демография, засуха, джут, новая экономическая политика, статистика, губерния, сельское хозяйство, эпидемия, беженцы.

 

 

“Hunger in the 20s of the 20th century in the Aktobe region and some of its problems”

 

Summary

The article deals with the problems of hunger in the Aktobe region in 1921–1922 and 1925, its causes and consequences, as well as the fight against hunger. It is based on archival documents and studies of demographic historians, comparing the number of hungry, needy and injured people, as well as the social status of the population.

Keywords: hunger, demography,   drought, jute, new economic policy, statistics, guberniya, agriculture, epidemic, refugees.

 

 

Скачать работу
Пожалуйста, подождите.
x
×