Международный
педагогический портал
Международный педагогический портал (лицензия на осуществление образовательной деятельности №9757-л, свидетельство о регистрации СМИ №ЭЛ ФС 77-65391)
8 (800) 350-54-64
звонок бесплатный
org.komitet@solncesvet.ru
8 (800) 350-54-64
звонок бесплатный
org.komitet@solncesvet.ru
Vk Whatsapp Youtube
Лицензированный образовательный портал (лицензия №9757-л, СМИ №ЭЛ ФС 77-65391)
8 (800) 350-54-64
Название статьи:

ХІХ ғасырдың соңындағы Жоғарғы Ертіс өңірінің әлеуметтік дамуындағы ерекшеліктер ☼

Дата публикации:
Описание:

Автор: Темирханова Шынар Мухтархановна

 

ХІХ ғасырдың соңындағы Жоғарғы Ертіс өңірінің

әлеуметтік дамуындағы ерекшеліктер

 

«Бақыршық орта мектебі» КММ-нің

тарих пәнінің мұғалімі

 Шынар Мұхтарханқызы Темирханова

 

ХІХ ғасырда Ресей империясы белсенді отарлау саясатын жүргізу нәтижесінде территориясы біршама кеңейтілді, ал орталықтың славян тұрғындары казак шаруаларын отарлау нәтижесінде өздерінің этнографиялық шекараларынан тысқары шықты. Ресейдің құрамына әр аймақтағы халықтарды қосу үрдісі әр түрлі жүргізілді. Ал Қазақстандағы территорияларды басып алу әскери күшпен жүзеге асырылып отырды. ХІХ ғасырдың аяғында Ресей империясының құрамына әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму деңгейі әр түрлі халықтар енді. Бұл халықтар өмір сүру, дін, мәдени дәстүр, қоғамдық-экономикалық даму деңгейімен ерекшеленді. Бүкіл кеңістіктің этномәдени сегментациясы патша үкіметіне батыс және шығыс территориясында бірдей жүргізілетін ұлттық саясатты құруға мүмкіндік бермеді. Орыс тілді халықтың санын өсіруге тырысқан патша үкіметі ұлттық аймақтарда біртіндеп жергілікті тұрғындарды Ресей орталығына тарту бойынша жалпы іс-әрекеттер жасап, ХІХ ғасырдың ІІ жартысында орыстандыру курсын ұлттық саясатқа енгізудің шыңы байқалды.

Елде этникалық қарым-қатынас байланысын орнату үшін патша үкіметіне жалпы саяси курс аса зор ықпал етті. Халықтың жартысынан көп бөлігінің Ресей мемлекетінің құрамына күштеп енгізілуі және оларға қатысты үкімет күштеп орыстандыру саясатын жүргізуі жағдайды одан әрі қиындатты. Екінші жағдай, патша үкіметі халықтарды біріктіру мақсат етпеді және тәжірибеде «бөліп ал да, билей бер» доктринасын жүзеге асыруға тырысты. Ресей империясы үшін өзіне қажет территориясын, әсіресе Қазақстанды қолда ұстап қалу қажет болды. Бұл дәстүрлі саяси және әлеуметтік құрылымға қатысты ауыр жағдайға әкелді.

Қазақ даласы үшін Ресей үкіметі құрған әкімшілік басқару жүйесі екі деңгейден тұрды. Ұлттық әкімшілік басқару жүйесі қазақ даласын империя  құрамына енгізудегі көмек көрсететін негізгі канал болды.

ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап қазақ даласына орыс халқының енуі Ресей империясын басты саяси мақсаттары негізінде жүргізілді. 1860 жылдан бастап біртұтас Ресейді құруға бағытталған жаңа ұлттық курс енгізілді. Осы уақыттан бастап аймақтағы этнодемографиялық үрдістерге белсенді араласатын Ресей империясының ұлттық саясаты қалыптасты. Бұл негізінен жаңа жерлерге орыс халқын енгізумен байланысты болды.

Ресей мемлекетінің Қазақстанға орыс шаруаларын қоныстандырудағы мақсаты - ұлттық бірлігін күшейту еді.

ХІХ ғасырдың басынан бастап қазақ халқының арасында идеологиялық жұмыстар жүргізілді. Олар әр түрлі деңгейде: әкімшілік аппаратпен, миссионерлікпен, білім бөлімдерімен, жеке қоғамдық қызметкерлермен жүргізілді. Олардың ішінде ағартушылық ұйым маңызды орын алды. Жатжерлік халықтың балаларын толық орыстандыру мақсатында мектептер ашылды. Бұл ағартушылық саясаттың стартегиялық мақсаты ХІХ ғасырдың басында пайда болып, сонау 1917 жылға дейін өзгермеді.

Патша үкіметі білім беру үрдісінде орыс тілін кеңінен қолдану мәселесіне ерекше назар аударды. Ұлттық саясаттағы екінші мәселе, ұлттық мектептерде жалпы білім беруде тілді тандау болды. Орыстандыру саясаты бойынша білім беруді жургізетін жалғыз тіл - орыс тілі болу қажет еді. Алайда өзіндік жеке дәстүрлері бар көп ұлттық халықтар арасында бұл идеяны жүзеге асыру қиын болды. Сондықтан мемлекеттің ұлттық тілдерді білім беру үрдісіне енгізу мәселесі ХІХ-ХХ ғасырлар аралығында өзгеріп отырды. Ол көбінесе елдегі жалпы саяси жағдайға байланысты болды.

Патша үкіметінің Қазақстанды отарлау саясатына орыс прославие шіркеуі белсене қатысты. Егер патша үкіметі өз билігін қарудың күшімен орнатып жатса, ал шіркеу жергілікті халықтың сана сезімін өзгерту арқылы отарлауға тырысты. Мемлекетті әкімшілікпен бірге орыстандыруда  шіркеу белсенді рөл атқарды. Ол қазақтардың ұлттық діні мен мәдениетін жоюға және прославиені енгізуге бағытталды. Орыс емес халықтар арасында миссионерлік жұмыстарды жүргізе отырып шіркеу барлық тәсілдермен қазақ халқына әсер етуге тырысты.

Ұлттық ағартушылықта орыстандыру курсы мектеп бағдарламаларындағы ұлттық компоненттерге күш көрсету арқылы жүргізілді. Сондықтан орыстандыру, орыс сауаттылығы мектептер арқылы өткізілуге тиіс болды. Қазақ халқының тарихын зерттеуші, этнограф, ірі ағартушы қазақ мектептері үшін бір қатар оқулықтар авторы, халықтық училищелерінің инспекторы А.Е.Алекторов былай деген: «Қырғыз даласындағы мектептер өзінің жалпы білім беру міндеттерінен басқа, саяси рол де атқарады: ол қырғыз халқы мен байырғы орыс халқын байланыстырып, қырғыздарға мемлекеттік тілді қырғыздарға сіндіреді; ол орыс халқының дәстүрлерімен және көзқарастарымен таныстырады.... Міне осыдан-ақ үкіметке даладағы қырғыздарға кеңінен білім беруді дамыту не үшін керк екенін көріп отырмыз...»

Егер 60-жылдарға дейін Қазақстан территориясында мұсылмандық мектептер көп болса, ал кейіннен орыс-қазақ мектептері көбейе бастады. Орыс мектептерін ұйымдастыру осы аймақты басқару үшін әкімшілік аппаратқа кадрлар дайындау үшін де қажет болды.

Осылайша, ХІХ ғасырдың аяғында Қазақстанның ең ірі қалаларының бірі –Семейде он мың орыс халқы тұрды және ХІХ ғасырдың 80 жылдарында алғашқы орыс-қазақ мектептері ашылды. Семей облысының әскери губернаторы 1872  жылғы өзінің есебінде «оқу бөлімі бойынша жағдайдың жақсаруына халық мән бермейді.... облыста ешқандай оқу қоғамдары, мұражайлар және т.б. жоқ» деп жазған. Орыс-қазақ мектептері мемлекет есебінен жұмыс істеді. Алғашқы кезде оларда қазақ байларының балалары ғана оқыды. Кейін қазақ шаруаларының балалары түсе бастады. Ал интернаттар мен ауыл шаруашылық мектептерде кедейлердің балалары мен жетімдер оқыды».

1881 жылы 27 қаңтарда мемлекеттік кеңеспен  бекітілген «Ақмола мен Семей облыстарында училище ашу туралы қаулы» негізінде  орыс халқы үшін бастауыш приходтық училищелер және қазақ балалары үшін пансионаттар ашуға рұқсат берілді. 1883 жылы Семей, Павлодар, Қарқаралы уездерінің орталығында  ерлер мен қыздар, Өскемен мен Зайсанда ерлер пансиондары ашылды. 1886 жылы Семей облысындағы бес ерлер мен үш қыздар пансиондарында 152 ер бала 37 қыз бала оқыды.

Шіркеу қазақтардың рухани әлеміне әсер етуге және олардың орыс халқы мен христиандыққа қарсы көзқарастарын өзгертуге, сөйтіп православиелік миссионерлікке жол ашуға тырысты. Шіркеу миссионерлік жұмыстар үшін арнайы кадрлар дайындады. Миссионерлердің жергілікті тілдерді білуі олар ашқан ұлттық мектептерде тәжірибеде қолданылды.

Патша үкіметінің орыстандыру саясатының қорытындысын бір қалыпты бағалауға болмайды. Барлық этностар патша үкіметінен мектептерде ана тілдерінің сақталуын талап етті.

Самодержавиенің ұлттық саясаты барлық этностарға қатысты оларды біртіндеп ассиммилляциялау мен аккультурациялауды мақсат етті. Сондықтан ХІХ ғасырдың ортасында Ресейдің көптеген халықтары өздерінің тұрмыстық ерекшелігінен айырыла бастады.

Патша үкіметінің реформаларында қазақ жерлерін басқару бойынша шоқынған қазақтарға кейбір артықшылықтар берілді. «Қырғыздардың құқықтары туралы» төртінші бөлімде 1868 жылғы Орал, Семей, Торғай және Ақмола облыстарын басқару туралы қаулыда былай көрсетілген: «247 христиан дінін қабылдаған қырғыздар өздерінің қоғамдарында қала алады, немесе қырғыздарға берілген құқықтарды сақтай отырып,  даладағы орыс халықтарына көше алады.

Христиандықты қабылдаған қырғыздар ешбір қоғамның рұқсатынсыз өз еріктерімен  қала және ауыл қауымдарына ене алады».

Шаруалар мен мещандардың Семей облысындағы Пермь, Уфим, Пенза губернияларына өз беттерімен енуі 1893 жылы Карпово қонысының қалыптасуына әкелді. Бес жыл бойында бұл қоныстың тұрғындары үкімет қаржысына өмір сүрді; оларға үй салу үшін қаржы берілді, әрбір отбасы қыс уақытында жәрдем алып отырды.

Орыс шаруаларының өтінішімен шіркеу және приходтық мектептің құрылысы бойынша жұмыстар бастау қажет болды. Жұмыстардың бағасы 3830 рубль болды. Генерал-губернатор екі құрылысты салу үшін қаржы бөлді. Дала өлкесінің генерал-губернаторы Сібір темір жолын салу үшін қордан қаражат беру мәселесін қарастырды. Шіркеу  1898 жылы 26 сәуірде салына бастап, 15 қарашада аяқталды. Құрылыстың жылдам қарқынмен жүргізілуі православие мен оның өкілдерінің көмегі тұрақты болғанын дәлелдейді. Олар үшін үкімет қаржы аямады.

Сібір темір жолының салынуы православиенің жан-жақты таралуына өзінше бір мүмкіндік берді. 1898 жылы құрылыс ауданында император ІІІ Александр атындағы қордың қаржысынан 110 шіркеу тұрғызды, олардың 19-ы Ақмола облысының поселектерінде салынды. Шіркеу қызметкерлерінің рухани қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін 1896 жылы 11 шілдеде шіркеу вагоны жұмысын бастады.

Православиелік храмдар салу арқылы патша үкіметі мен шіркеулер нақты мақсаттар қойды: қазақтарды шіркеуге тарту, ескі діни-сенімдерін жою, жергілікті халықтардың діни наным-сенімдеріне бақылау орнату. Шоқынған қазақтар православие өкілдері сияқты барлық құпияны сақтауға тиіс болды.

Көшпелі қазақ халқының  арасында христиандықты тарату олардың көшпелі өмір салтына байланысты аса қиын болып келді.

Шоқынған қазақтар христиан дінін қабылдаумен қатар православие шіркеуіне қарасты орыс халқының кейбір дәстүрлерін қабылдады. Қоғамда отбасындағы келіспеушіліктер, өтірік айту, ішімдік ішу кең тарады. Бұрын мұндай жағдайлар қазақ даласында болмаған. П.П.Семенов Тянь-Шанскийдің айту бойынша: «қырғыздардың отбасында жанжал болмады, балалар да сирек жазаланған». Бірақ мұндай жағдайлар орыс православие шіркеуінің жоспары мен міндеттеріне кірмеген.

Патша үкіметі орыс шаруалары мен казак әскерлерін енгізу арқылы Ресей империясының территориясын кеңейтуге тырысты. Бұл өте ұзақ және қиын үрдіс болды. Мұнда орыс шаруалары ерекше орын алды. Олар жатжерлік жерлерді орыс жерлеріне айналдыруға тиіс болды. Казактар мен шаруалар патша үкіметінің тыңшылары болды.

Ресей мемлекетін бекіту үшін жаңа жерлерде орыс халқының сыни тобын құру қажет болды. Олар демографиялық тұрақтылықтың негізі болар еді.

ХІХ ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың басында қоныс аударушы орыс шаруалары Далалық аймақтың барлық жерлеріне қоныстана бастады. Бұл жерлерге орыс шаруалары шіркеулер, орыс ауылдарын салды.

Отарлаушы территорияның «орыстануының» басты көрсеткіші орыс топонимиясы болды. Орыс шаруалары қоныстанған аймақтарға орыс атаулары беріліп, қазақша атаулар мүлде жоғала бастады. Кейбір кезде қазақша атауларды орысшалап алу да кездесті. ХІХ ғасырдың ортасынан бастап Батыс – Сібір генерал-губернаторы Г.Х.Гасфорд жаңа қоныстарға Ресей империясының император отбасынан және белгілі дворяндардан шыққан адамдардың есімін беру туралы қаулы шығарды: Алексеевка, Михайловка, Николаевка, Александровка. Сонымен қатар тарихи оқиғаларға байланысты қоныстарға ат қою тәжірибесі кеңінен таралды.

ХІХ ғасырдың 60 жылдары басты міндет саяси тұрақтылық ретінде «үлкен орыс ұлтын» құру идеясы болды. Ресей үкіметі азиялық жерлерге қатысты «отар» терминін пайдаланудан бас тартты. Еуропалық державалардан Ресей империясының ерекшелігін  көрсетті.

Ғылыми әлем мен үкімет орындарында беделді географ П.П.Семенов Тянь-Шанский бұл жерде тек Ресей территориясының кеңеюіне ғана көрсетпейді, сонымен қатар орыстардың отарлау саясаты нәтижесінде Европа мен Азия арасындағы этнографиялық шекаралардың ары қарай шығысқа жылжуын көрсетеді. Осындай көзқарастар газет, журналдарда ғана емес, сонымен қатар ресми құжаттарда да көрініс тапты.

Далалық аймақ ХІХ ғасырдың ІІ жартысында Ресей империясы белсене пайдалануда тырысқан территориялық резервке айналды. Бұл уақытқа дейін қазақ жерлерінің Ресейге қосылуы қазақ билеушілерінің ұсынысымен жүргізілді. Орыс халқының көптеп келуі көшпелі қазақ халқының дәстүрлі жүйесін бұзды. ХІХ ғасырдың 60 жылдары жағдай өзгерді. 1865 жылдан бастап Дала комиссиясы «қазақ жерлерін Ресей империясының құрамына толық қосып алу әкімшіліктің жалғыз мақсаты» деген  қорытынды жасады. ХІХ ғасырдың 70 жылдары генерал-губернатор Н.Г.Казнаков далалық аймақты «орыстандырудың» жалғыз әдісі «отарлау жолымен қырғыз халқын орыстандыру»  деген қорытындыға келді.

Орыстардың отырықшы шаруашылығын енгізу арқылы көшпелі қазақ халқымен байланыстарын нығайтты. Қоныстандыру саласындағы мамандар «бірігіп қоғамдық жұмыстар атқару арқылы қырғыздарды орыстармен жақындатуға және олардың ішінде еуропалық өркениетті таратуға көмектеседі» деп түсіндірді.

ХІХ-ХХ ғасырлар аралығында қоныстандыру қозғалысының басталуы нәтижесінде қазақ даласы негізгі отар ауданына айналды. Шығысқа қоныстану  үрдісі орыстардың географиялық қоныстануын ғана кеңейтті, сонымен бірге ұлт ретінде араласуын тездетті.

XVIII ғасыр қазақ жерінің оңтүстік-шығыс саудада, саяси барлау жұмыстары, қазақтардың сауатын ашуда Ресей әкімшілігі Сібір мен Еділ татарларын пайдаланды. XVIII ғасырдың ІІ жартысында Солтүстік және Шығыс Қазақстанда татарлар пайда бола бастады. XVIII ғасырдың 60-90 жылдарынан бастап Семей аймағына татарлар қоныстана бастады. ХІХ ғасырдың 60-70 жылдары татар отбасылары Көкпекті ауылы мен Зайсан қаласына тұрақты өмір сүруге қоныстана бастады.

Сауданың дамуына жағдайдың жақсаруы қазақ жерінде татарлардың көбеюіне әкелді. Татарларды аудармашы және жазғыштар ретінде пайдаланды. Олар қазақтардың Ресейге қосылу кезінде маңызды орын алды. Қазақтардың тілі мен дәстүрін білуі, ұзақ тарихи байланыстары, діни сенімдерінің бір болуы және тілдерінің ұқсастығы татарларға қазақтарды империя құрамына қосуда негізгі мәдени байланыстырушы  болуға мүмкіндік берді. Ұзақ уақыт татар садагерлері, молда мен мұғалімі Ресей өкіметі мен қазақ ақсүйектерін  байланыстырушы болды. Патша үкіметі мен қазақ ақсүйектерінің арасындағы дипломатиялық байланыстар татар тілінде жүргізілді. Сонымен бірге молдалар Ресей үкіметі үшін ақпарат көзі болған еді. Бұл идея  1781 жылы 21 сәуірде ІІ Екатеринаның қаулысы негізінде жүзеге асырылды.Ол бойынша қазақтардың ішінде Қазан губерниясынан шыққан молдаларды барлаушы ретінде жіберу керек еді. Осы арқылы қазақтардың бүкіл тұрмысын өз бақылауында ұстауға тырысты.

Қазақ жерін отарлаудың бастапқы кезеңінде Ресей империясы Дала аймағының саяси әкімшілігін және фискальды құрлысын күшейту міндетін қойды. Алайда татар саудагерлері, молдалары өз мақсаттарын көздеп, қазақтарға теріс ықпал етуі мүмкін деген қорқыныш пайда болды. 1825 жылы Омбы облысының басшысы С.Б.Броневский «қырғыздардың ішіндегі татар молдалар  мен мұғалімдерді біртіндеп орыстармен ауыстыру керек» деген құпия қаулы қабылдау қажет екенін айтты. Алайда бұл ешқандай нәтиже бермеді. Себебі қазақ тілін білген казактардың өзі татарлардың орнын бас алмады, өйткені араб графикасын пайдаланып жаза алмады.

ХІХ ғасырдың І жартысында патша өкіметі татарлар қазақтарға ықпал етуі мүмкін деген қорқыныш аса қатты болмады. Татар тілін білетін адам ауыл старшыны сияқты беделді қызметтерге сайлана алатынын қазақтар түсінді. ХІХ ғасыр ортасынан бастап жағдай өзгере бастайды, қазақтардың орыс тілін үйренуі маңызды мемлекеттік міндет ретінде қалыптасады. Жергілікті тілдерді кирили әліппесіне ауыстыруға тырысу қазақ даласында байқалды.

ХІХ ғасырдың ортасынан бастап патша үкіметі үшін татарлар саяси қарсыластарға айналды. Шығыс халқының бірігу қаупі Ресей империясы үшін қорқынышты болды. Патша үкіметі Орта Азия мен Қазақстанда антитатарлық саясат жүргізу идеясын қолға алды.

Азиялық далалық аймақтарда Ресей саясатының өзгеруі туралы мәселе  1860 жылының басында бірнеше себептерге байланысты болды. Біріншіден, мемлекеттік шекараларды оңтүстік пен шығысты жылжыту және қазақ даласын «ішкі аймаққа» айналдыру. Екіншіден, реформалардың бұл өзгерістерді империяның шығыс халқына таратуға тырысуы. Үшіншіден, жаңа ұлттық көзқарастардың пайда болуы.

Қазақтардың ескі сенімдерін сақтау мәселесіне ерекше назар аударылды, өйткені оларды кейін христиан дінімен алмастыруға болатын еді.

Бұл мәселеде Дала комиссиясы Ш.Уалихановтың пікіріне сүйенді. Өзінің «Даладағы мұсылмандар туралы» жұмысында Шоқан Уәлиханов діни фанатизм орыстар мен қазақтардың қарым-қатынасына кері әсер тигізді деп жазды.

Комиссия Далалық аймақтағы молдаларды тек қазақтар ішінен таңдауға және діни қызметке емтихан тапсырды тоқтатуды ұсынды. Қазақтарды исламдандыру деңгейін төмендету, бұл халықты «мұсылмандық шығыстан» бөлу стратегиялық бағыттардың біріне айнала бастады. 1880 жылы дала генерал-губернаторы Г.А.Колпаковский қазақ даласындағы  жағдайды былай бағалады:.... «халықтың бұрынғы өмірі өзгерді, ал жаңалары  құрылмады, сондықтан халық дінде рухани  сүйеніш іздейді және татар, бұхар көпестері таратқан діни сенімдерге сенеді»

1860-1870 жылдары қазақ халқына мұсылмандық ықпалды шектеу саясатында өзгеріс болды. Далалық аймақты антиисламдық жағдай қалыптасты. Ресей империясы татарлардың экономикалық және мәдени экспансиясына ұшыраған халықтарды қорғаушы ретінде көріне бастады.

 Татар молдарына қатысты жаңа саясатқа өту заңды түрде 1868 жылы «Уақытша ережелерді» көрініс тапты. 217 параграфқа сай татар халқының діни ықпалы азайтылды, молдалар тек қырғыздар ішінен сайлану керек болды. 216 параграф бойынша әрбір болыста бір молда болу керек.  229 параграф бойынша мешіттерді салуға генерал-губернатордың рұқсаты болуға тиіс. 230-параграф бойынша жергілікті тұрғындардың сауатын ашуға және мешіттер маңында мектеп салуға уезд бастығының рұқсатын алу қажет.

1868 жылғы «Уақытша ереже» мұсылман  қызметкерлерінің мемлекеттік билігіне бағынышты екенін толық көрсетті. Заң жобасының ерекшелігі татар мұсылмандарды қазақ мұсылмандардан бөлуі ұйымдастыру, мешіттердің санын бақылауда ұстау.

Татар халқының қазақтарға ықпалы жөнінде екі түрлі көзқарас қалыптасты. Бірі антитатарлық саясатты қолдаса, басқалары оған қарсы шықты. Татарлар саудамен айналысуды және қазақ жерінің қоғамдық саяси өміріне араласуды жалғастырды. Негізінен бұл қайырымдылық қызмет атқарушылар болды. Семейде көптеген татарлар көпестер мен кәсіпкерлер болды. Мұрағат құжаттарына қарағанда, Семейдегі қос мұнаралы мешіт семейлік көпестер Сүлейменов, Абдышев, Рафиков және Хамитов қаржысына  облыстық діни қызметкердің тапсырысы бойынша салынған. Көпес Мусиннің қаржысына бір мұнаралы мешіт және алғашқы диірмен салынды. Семейдегі  татар  көпесі Б.Рафиков сабын қайнататын зауыт ашты.

Бұл кезеңде қазақтарға қатысты тіл саясаты да жүргізілді. Патша әкімшілігінің стратегиясын анықтаған ықпалды теоретик орыс шығыстанушылары В.В.Вельяминов-Зернов, В.В. Григорьев, В.В. Радлов, Н.И.Ильинский  болды.

Үкімет орындарында қазақтарға татарлардың ықпалына қарсы күресушілер және кирилл әліппесі негізінде қазақ тілі мен жазуын сақтауды жақтаушылар халық ағартушылығының министрі Д.А.Толстой, Орынбор генерал-губернаторы Н.А.Крыжановскийй және Түркістан генерал-губернаторы К.П.Кауфман. Крыжановский қазақтарға татарлардың кері ықпалын көрсетіп, орыс тілін тарату қажеттігі туралы мәселені қойды. 1867  жылы 31 қаңтарда ішкі істер министрі П.А.Валуевқа жазған хатында ол татарлар мен башқұрттарды қазақ даласында жазғыштардың қызметіне сайлауға тыйым салу керек және мұсылман мектептерінде орыс тілін енгізу қажеттігін айтты.

1876 жылы Д.А.Толстой Орынборға барып келген соң императорға қазақ даласында татар мұсылман ықпалымен күрес бағдарламасын ұсынды. Империяның  шығысындағы мұсылман халқын ол үш топқа бөлінді. Бірінші орында татарлар, екінші орында башкирлер, үшінші орында қазақтар тұрды. Дала аймағындағы аудармашылардың көпшілігі татарлар болды, татар тілі қырғыз халқы мен патша үкіметі арасындағы жалғыз байланыс құралы болды. Бұл маңызды әкімшілік қателік болатын. Министр «қырғыздардың татарлануына қарсы күрес жургізу қажет екенін атап көрсетті.

Оның пікірі бойынша қазақтарда жазу мен альфавиттің болмауы жағдайды жеңілдетеді.

Бұл мәселені шешу үшін Толстой Қазаннан арнайы Ильминскийді шақырды және оған татар ғалымымен бірге қырғызша мақала жазуды тапсырды.

Бұдан кейін қазақтар ішінен адамдарды шақырып, осы мақаланы оқу шешімін қабылдады, егер барлығы түсінікті болса, онда қазақ тілін орыс алфавитпен түсіндіруге болады. Тәжірибе жүзеге асырылып, кириллица толық ресми түрде енгізілді. Аймақта жағдайды жақсарту тәсілі  татар тілін, қазақ тілімен, араб алфавитін кирилицамен, татар жазғыштарын қазақ немесе орыстармен алмастыру болды.

ХІХ ғасырдың аяғынан бастап ауылдар мен болыстарды қазақ-орыс мектептері ашыла бастады. Білім үрдісінен татар тілі мен араб әліппесі ығыстыра бастады. Ауыл мектептерінде оқу үш жыл болды, қазақ тілін білетін орыс және қазақ мұғалімдері қазақ тілінде оқытты. Алайда мектептің басты міндеті орыс тілін оқу, ұраны «мектепте тек орысша сөйлеу».

ХХ ғасырдың басында қазақ зиялыларының көзқарасы бойынша орыстандыру қаупі жоғары болды. А.Бөкейханов мұндай саясаттың тиімсіздігін көрсетті: «Исламға қарсы шығу үшін әкімшілік қырғыз даласынан барлық татарларды қудалады. Әкімшілік қырғыз мектептерінде мұғалім орыс тілі міндетті түрде білу керек деген талап қойды. Мектеп ашу және мешіт салу үшін көбнесе берілмейтін рұқсат қажет болды. Нәтижесінде мектептер, мешіттер рұқсатсыз салынды».

Сөйтіп, ХІХ ғасырдың ІІ жартысында Ресей империясының ұлттық саясаты қалыптасты. Ең алдымен, бұл жаңа жерлерде орыс православиелік шіркеу белгілерінің пайда болуымен байланысты болды. Мұрағат құжаттарын талдау және зерттеу барысында патша әкімшілігінің татарлардың қазақ халқына ықпалын жоюға тырысуы ешбір нәтижеге әкелмегенін көруге болады. Осыдан қазақ халқының әлеуметтік жағдайы қалыптасып, демографиялық өзгерістермен ерекшеленіп, үлкен бір үрдісті бейнеленгенін байқаймыз.

 

 

 

 

 

 

Пожалуйста, подождите.
x
×